НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 168-ракеткасы Дмитрий Попко Анталия челленджер турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 237-орында тұрған аргентиналық Факундо Менамен өткізді.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Д.Попко 1 сағат 46 минутқа созылған матчта 7:6 (7:4), 6:3 есебімен жеңіске жетті. Ол екі рет эйс жасап, төрт мәрте брейкке қол жеткізді.
Д.Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 127-інші, осы доданың 6-ракеткасы, тағы бір аргентиналық Факундо Багниспен күш сынасады.
Қазақстандық теннисші биыл жарақатына байланысты жарыстарға, соның ішінде Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайысына қатыса алмай, рейтингідегі орны төмендеп кеткен болатын.
Д.Попко екінші айналымға шығу арқылы 730 АҚШ долларын тауып, Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының (ATP) рейтингісі үшін 7 ұпайға қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Мельбурн турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).