Теннис: Дмитрий Попко Барселона турнирін сәтті бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дмитрий Попко Барселона челленджер турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 171-орында тұрған Д.Попко бастапқы кездесуін әлемнің 242-ракеткасы, испаниялық Никола Кунмен өткізді.

Бірінші партияда корт иесі 3:1 есебімен алға кеткенімен, қазақстандық теннисші қуып жетті. Содан кейін 7:5 есебімен басым түсті.

Екінші сетте де Д.Попко шеберлігін таныта білді – 6:4.

Бәсеке 1 сағат 50 минутқа созылды.

Д.Попко 11 қазанда мәреге жететін жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 129-ракеткасы, аргентиналық Факундо Баньис немесе 161-сатыдағы португалиялық Жоао Домингештің біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Ролан Гаррос турнирінде ұтылып қалғанын жазған болатынбыз.

Парижде Е.Рыбакинаны жеңген франциялық Фиона Ферро кеше америкалық София Кенинге 6:2, 2:6, 1:6 есебімен есе жіберіп, ширек финалға шыға алмады. Ал Зарина Диясты жолдан тайдырған Тунис өкілі Онс Жабер бүгін тағы бір америкалық Даниэль Коллинзден (4:6, 6:4, 4:6) ұтылып, ол да ширек финалға өте алмады.

Ал екінші айналымда Юлия Путинцеваны ұтып кеткен аргентиналық, рейтингте 131- орындағы, түбі украиналық Надя Подороска күтпеген нәтижелерге қол жеткізді. Ол бүгін әлемнің 5-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаны (6:2, 6:4) қапы қалдырып, өз спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына шықты.