Теннис: Дмитрий Попко Италиядағы турнирді сәтті бастады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дмитрий Попко Италиядағы Бьелла челленджер турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 170-орында тұрған Д.Попко алғашқы айналымда әлемнің 88-інші, осы доданың 2-ракеткасы, америкалық Себастьян Кордамен күш сынасты.

Қазақстандық теннисші 6:4, 6:3 есебімен екі партияда жеңіске жетті.

Бәсеке 1 сағат 10 минутқа созылды.

Д.Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 187-ракеткасы, латвиялық Эрнест Гулбис немесе рейтингте 373-сатыдағы италиялық Рауль Бранкаччионың біреуімен таласады.

Италиядағы дода 21 ақпанда аяқталады.

Бұл – Бьеллада өтіп отырған осымен екінші турнир. Бұдан бұрын 14 ақпанда мәреге жеткен дәл осындай жарыста Д.Попко екінші айналымнан аса алмаған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Мельбурн турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Зарина Дияс ширек финал жолдамасы үшін әлемнің 9-ракеткасы, 2019 жылғы АҚШ чемпионатының жеңімпазы, канадалық Бьянка Андреескумен сынға түседі.