НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дмитрий Попко Лиссабон (Португалия) челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 178-ракеткасы Д.Попко екінші айналымда рейтингте 285-орында тұрған португалиялық Гонсалу Оливейрамен күш сынасты.
Бірінші партияда ойын тізгінін бірден қолына алған қазақстандық теннисші сол қарқынынан жаңылған жоқ – 6:2.
Екінші сет те дәл осындай есеппен аяқталды.
Бәсеке 1 сағат 26 минутқа созылды.
Д.Попко бастапқы кездесуінде бразилиялық Жоан Менезешті 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірген болатын. Енді ол жартылай финалға шығу үшін әлемнің 111-інші, осы доданың 2-ракеткасы, тағы бір португалиялық Педро Соуса немесе рейтингте 248-сатыдағы франциялық Уго Греньенің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің жұптық сында Санкт-Петербург турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
А.Бублик бүгін жекелей сында ширек финалға шығу үшін әлемнің 21-ракеткасы, канадалық Милош Раоничпен шеберлік байқасады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).