Теннис: Дмитрий Попко Ролан Гаррос турнирінде ұтылып қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дмитрий Попко Ролан Гарростың негізгі турниріне өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 170-орында тұрған Д.Попко іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 155-ракеткасы, эквадорлық Эмилио Гомеспен кездесті.

Қазақстандық теннисші бірінші партияда 4:2 есебімен алға шығып, оны тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.

Екінші сетте керісінше эквадорлық спортшы ойын тізгінін қолға алды – 4:2. Ол сол басымдылығын сақтап қала алды – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда есеп 5:5 болған мезетте Э.Гомес брейк жасап кетті – 6:5. Дегенмен Д.Попко да қалыспай, қайыра брейкке қол жеткізді – 6:6. Тай-брейкте эквадорлық теннисші жеңіске жетті – 7:6 (7:1).

Тартысты бәсеке 2 сағат 31 минутқа созылды.

Осылайша биыл 24-ке толатын Д.Попко іріктеу сайыстарының финалында жеңіліс тауып, «Үлкен дулыға» турнирінен сырт қалды.

Париждегі Ролан Гаррос жарысы (жүлде қоры – 38 млн еуро) 27 қыркүйек – 11 қазан аралығында өтеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Д.Попконың Ролан Гаррос турнирі іріктеу сайысының финалына, ал А.Бубликтің Гамбургте ширек финалға өткенін жазған болатынбыз.

Бүгін Е.Рыбакина Страсбург турнирінің жартылай финалына шықты.