НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық, рейтингте 184-орында тұрған Дмитрий Попко Санкт-Петербург челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Д.Попко екінші айналымда отандасы, рейтингте 395-сатыдағы Денис Евсеевпен кездесті.
Бірінші партияда Попко 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екіншісінде Евсеев есе қайырды - 6:2.
Үшінші, шешуші сетте брейк жасаған Попко сол басымдылығынан айырылған жоқ - 6:4.
Қос қазақстандық арасындағы тартысты бәсеке 2 сағат 8 минутқа созылды.
Д.Попко жүлде қоры 52 мың АҚШ долларынан асатын доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 226-ыншы, осы турнирдің 5-ракеткасы, германиялық Рудольф Меллекер немесе рейтингте 332-сатыдағы чехиялық Иржи Лехечканың біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Дубай турнирінің үшінші айналымына шыға алмағанын, теннистен ел чемпионатында жартылай финалға кімдер өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).