НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Елена Рыбакина Аделаида (Аустралия) 500 WTA турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы доданың 7-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина жаңа жылдағы алғашқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 132-орында тұрған аустралиялық Сторм Сандерспен өткізді.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші басымдылық танытты – 6:4.
Екіншісінде аустралиялық спортшы 6:1 есебімен есе қайырса, үшінші, шешуші сетте Е.Рыбакина қарсыласына еш мүмкіндік қалдырған жоқ – 6:1.
Екі сағатқа созылған бәсеке барысында Елена 9 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана алды. Қарсыласы 5 эйс, 4 брейкпен (13 брейк-пойнт) шектелді.
Е.Рыбакинаның екінші айналымдағы қарсыласы кейін анықталады.
Жүлде қоры 535 мың АҚШ долларына бағаланған аталмыш дода 9 қаңтарда мәреге жетеді.
Өткен жылы мұнда Польша өкілі Ига Свентек швейцариялық Белинда Бенчичті 6:2, 6:2 есебімен ұтып, жеңімпаз атанған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Аделаида турниріндегі қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).