НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Елена Рыбакина Аделаида (Аустралия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 90-орында тұрған чехиялық Мария Боузковамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 3:1 есебімен алға кетті. Сет біткенше сол басымдылығынан айырылған жоқ – 6:3.
Елена екінші сетті брейкпен бастады – 2:0. Сосын қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ – 6:4.
Бәсеке сағат жарымнан астам уақытқа созылды.
Е.Рыбакина жүлде қоры 535 мың АҚШ доллары тұратын доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 6-ыншы, осы жарыстың 3-ракеткасы, грекиялық Мария Саккари немесе рейтингте 40-сатыдағы америкалық Шелби Роджерстің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Аделаида турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).