НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингті жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 13-тен 12-орынға көтерілді.
Бұл - рекордтық көрсеткіш. Қазақстан әйелдер теннисі тарихында бұдан бұрын ешкім де мұндай нәтижеге қол жеткізбеген еді.
Қазақстандықтардан сондай-ақ Юлия Путинцева 43-тен 42-ге, Зарина Дияс 108-ден 104-орынға жоғарылады.
Енді олар ертең басталатын Аустралия ашық чемпионатында сәтті өнер көрсетсе, рейтингте көтеріледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталғанын, Анна Данилинаның Сидней турнирінің жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).