НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен ойнады.
Испаниялық спортшы 6:2, 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті.
1 сағат 26 минутқа созылған матч барысында Е.Рыбакина 8 эйс жасағанымен, бірде-бір рет брейкке қол жеткізе алған жоқ. Қарсыласы 5 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.
П.Бадоса жартылай финалға шығу үшін әлемнің 4-ракеткасы, чехиялық Каролина Плишковамен таласады. Ол рейтингте 25-орында тұрған америкалық Джессика Пегуланы 6:4, 7:6 (7:5) есебімен тізе бүктірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Германиядағы жарыстың жартылай финалына шыққанын, Зарина Диястың Чикаго турнирінің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).