НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 30-ракеткасы Елена Рыбакина Хобарт (Аустралия) WTA турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 69-орында тұрған словениялық Тамара Зиданшекпен кездесті.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші бірден брейкпен бастап, өз геймдерін де бермей, 3:0 есебімен алға кетті. Тағы бір брейк – 5:1. Сосын сетке бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:1.
Екінші сетте есеп 3:2 болғанда, Т.Зиданшек брейк жасай алды – 4:2. Дегенмен Е.Рыбакина дереу қарымта қайырып, таразы басын теңестіре білді – 4:4. Содан кейін тағы бір брейктен соң матч нүктесін қойды – 6:4.
Бәсеке 1 сағат 7 минутқа созылды.
Е.Рыбакина жүлде қоры 275 мың АҚШ долларына бағаланған доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 60-ракеткасы, франциялық Ализе Корнемен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның үздік отыз теннисшінің қатарына кіргенін, ал Александр Бубликтің Аделаида турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).