НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Истбурн WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің бесінші, осы доданың 2-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинамен кездесті.
Бірінші партияда брейкпен алға шыққан Рыбакина сол басымдылығын сақтай алды - 6:4.
Екінші сет одан да тартысты өрбіп, тай-брейкте Елена жеңісті жұлып алды - 7:6 (7:3).
Бір сағат 42 минутқа созылған кездесуде қазақстандық теннисші 7 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді. Қарсыласы 4 эйс, 2 брейкпен шектелді.
Е.Рыбакина айтулы жарыстың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 61-ракеткасы, латвиялық Анастасия Севастовамен таласады. Ол әлемнің 23-ракеткасы, АҚШ-тың жас жұлдызы Кори Гауфты 4:6, 7:5, 6:2 есебімен жеңді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Истбурн турнирінің екінші айналымына, А.Бубликтің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).