НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 22-ракеткасы Мадрид WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Е.Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 78-орында тұрған аустралиялық Айла Томляновичпен кездесті.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басымдылық көрсетті. Ал екінші сетте қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.
Бәсеке 1 сағаттан сәл астам уақытқа созылды.
Е.Рыбакина жүлде қоры 2,5 млн еуродан асатын жарыстың екінші айналымында әлемнің 16-ыншы, осы доданың 13-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенспен шеберлік байқасады. Ол бастапқы кездесуінде рейтингте 44-сатыдағы қытайлық Чжан Шуайды 6:3, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Мадрид турнирі 8 мамырда мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Мадрид турнирінде жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).