НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина Мәскеудегі Кремль кубогы WTA 500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 35-орында тұрған чехиялық Маркета Вондроушовамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте чехиялық спортшы тағы бір брейк жасап, сосын сетті өз пайдасына шешті – 6:4.
Екінші сетте де есеп 4:4 болғанда, Рыбакинаның қателігін пайдаланған Вондроушова брейк жасап кетті. Сосын матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
1 сағат 23 минутқа созылған матч барысында Е.Рыбакина 2 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың жартысын пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 4 брейкке (11 брейк-пойнт) қол жеткізді.
М.Вондроушова жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын доданың ширек финалына шығу үшін рейтингте 145-сатыдағы украиналық Леся Цуренкомен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Мәскеу турнирінде жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).