НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина Острава (Чехия) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 59-орында тұрған Польша өкілі Магда Линетпен кездесті.
Қазақстандық теннисші 6:3, 2:6, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта Рыбакина 11 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді. Қарсыласы 4 эйс, 3 брейкпен (12 брейк-пойнт) шектелді.
Е.Рыбакина жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 6-ыншы, осы турнирдің 1-ракеткасы, тағы бір поляк қызы Ига Швентекпен таласады. И.Швентек екінші айналымда Юлия Путинцеваны ұтқан болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Острава турнирінде жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).