НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингіні жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина жекелей рейтингіде 16-дан 17-орынға сырғыды.
Юлия Путинцева да 43-тен 44-ке жайғасты. Есесіне Зарина Дияс 108-ден 104-орынға көтеріліп, үздік жүздікке жақындап келеді.
Өткен аптада жұптық сында ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге Индиан-Уэллс турнирінің финалына дейін жеткен Елена Рыбакина бірден 47 саты жоғарылап, қазір 48-орында тұр. Анна Данилина да 84-тен 81-ге көтерілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жұптық сында Индиан-Уэллс жарысының финалында жеңіліп қалғанын, қазақстандық теннисшілердің Мәскеуде Кремль кубогында бақ сынайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық жас теннисшілер Арменияда өткен турнирдің жеңімпазы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).