НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Е.Рыбакина ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге жартылай финалда украиналық Людмила Киченок – латвиялық Елена Остапенкомен кездесті.
Қазақстандық-ресейлік жұп 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Бәсеке 1 сағат 15 минутқа созылды.
Матч барысында Рыбакина мен Кудерметова 3 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыластары 8 брейк-пойнттың үшеуін өз есептеріне жазды.
Е.Рыбакина мен В.Кудерметова финалда доданың екінші ракеткалары, тайбэйлік Се Шувэй – бельгиялық Элиза Мертенспен бас жүлдені сарапқа салады.
Қазақстандық теннисші жұптық сында осындай деңгейдегі жарыста алғаш рет финалға шығып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Испаниядағы турнирдің ширек финалына өткенін, Елена Рыбакинаның жұптық сында Индиан-Уэллс жарысының жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).