НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина жұптық сында Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Е.Рыбакина ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге ширек финалда чехиялықтар Мария Боузкова – Люция Градецкаямен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-ресейлік жұп 1:6, 6:1, 10:3 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Рыбакина мен Кудерметова 2 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Қарсыластары 1 эйс, 4 брейкке (5 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Е.Рыбакина мен В.Кудерметова финалға шығу үшін украиналық Людмила Киченок – латвиялық Елена Остапенкомен таласады. Олар ширек финалда жарыстың бірінші ракеткалары, чехиялық Катерина Синякова – Барбора Крейчикованы 2:6, 6:4, 10:8 есебімен ұтып кетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Испаниядағы турнирдің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).