Дүниежүзілік рейтингте 385-орында тұрған Денис Евсеев бастапқы кездесуін әлемнің 292-ракеткасы, италиялық Риккардо Бонадиомен өткізді.
Қазақстандық теннисші 2 сағат 14 минутқа созылған матчта 6:4, 4:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Д.Евсеев жеті эйс жасап, бес брейкке қол жеткізді. Қарсыласы төрт брейк, үш эйспен шектелді.
Д.Евсеев ширек финалға шығу үшін тағы бір қазақстандық Тимофей Скатовпен таласады.
Әлемнің 195-інші, осы доданың 6-ракеткасы Дмитрий Попко рейтингте 374-сатыдағы украиналық Владислав Орловты 6:2, 6:3 есебімен ұтты.
Д.Попко екінші айналымда әлемнің 338-ракеткасы, румыниялық Филип Кристиан Жияну немесе рейтингте 257-сатыдағы ресейлік Теймураз Габашвилидің біреуімен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық Бейбіт Жукаев Алматы турнирінің 1-ракеткасы, словакиялық Андрей Мартинге 2:6, 1:6 есебімен жол берді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Алматы жарысын жеңіспен бастағанын, Елена Рыбакинаның жұптық сында да Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ А.Бублик пен А.Голубев Ролан Гаррос додасының жартылай финалына шықты.