НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Корденонс (Италия) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Голубев уругвайлық Ариэл Бехармен бірге ширек финалда италиялықтар Маттео Mарфиа мен Даниело Валентиномен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-уругвайлық жұп 50 минутқа созылған матчта 6:2, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
А.Голубев пен А.Бехар финалға шығу үшін франциялықтар Бенджамин Бонзи мен Антуан Оан және швейцариялық Лука Маргаолли мен италиялық Андреа Вавассори жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 165-ракеткасы Дмитрий Попко Острава (Чехия) челленджер турнирінің ширек финалына шыға алмады. Ол екінші айналымда рейтингте 225-орында тұрған чехиялық Зденек Коларға 7:5, 4:6, 5:7 есебімен есе жіберді. Бұл тартысты бәсеке 3 сағаттан астам уақытқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің US Open турнирінің үшінші айналымына шыққанын, ал Е.Рыбакинаның жеңіліс тапқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).