НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында Орландо (АҚШ) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген А.Голубев пен А.Недовесов ширек финалда тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко мен канадалық Питер Поланскимен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Д.Попко мен П.Полански басым түсті – 6:2. Екіншісінде қазақстандық жұп есе қайырды – 6:4. Тайбрейкте А.Голубев пен А.Недовесов жеңіске жетті – 10:5.
Бәсеке 1 сағат 12 минутқа созылды.
Қазақстандық жұп финалға шығу үшін Франция елінің өкілдері Садио Думбия мен Фабьен Ребульмен күш сынасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың АҚШ-тағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ол жекелей сында жартылай финалға өту үшін үндістандық Праджнеш Гуннесваранмен таласады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).