НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Андрей Голубев пен Александр Недовесов жұптық сында Ыстанбұл челленджер турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық жұп финалда чехиялықтар Лукаш Росол мен Марек Генгелмен кездесуі керек еді.
Мачтқа қарсыластары келмегендіктен, А.Голубев пен А.Недовесовке чемпиондық атақ ойнамай-ақ бұйырды.
Осы додада мұның алдында қазақстандықтар үш бәсекеде жеңіске жеткен болатын. Соның ішінде ширек финалда осы жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген аустралиялық Рамиз Джунейд пен үндістандық Пурав Раджа жұбын тізе бүктірді.
Осылайша Голубев пен Недовесов жұптық сында кезекті табыстарына қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Осака турнирінің іріктеу сайысын сәтті бастағанын, ал Елена Рыбакинаның Наньчан турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).