НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Доха ATP 250 турнирінің финалына өте алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші франциялық Фабрис Мартенмен бірге жартылай финалда осы доданың 3-ракеткалары, нидерландылық Уэс Колхоф – ұлыбританиялық Нил Скупскимен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда нидерландылық-ұлыбританиялық жұп басымдылық танытты – 6:4.
Екінші сетте А.Голубев пен Ф.Мартен 2:0 есебімен алға шыққанымен, сол мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Ақыры тай-брейкте У.Колхоф пен Н.Скупскидің асығы алшысынан түсті – 7:6 (7:3).
Бір сағат 45 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық-франциялық жұп 3 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдалана алды. Қарсыластары 3 эйс, 2 брейкке (13 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Осылайша А.Голубев жұптық сында жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың финалына шыға алмай қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Голубевтің жұптық сында Доха турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).