НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Андрей Голубев жұптық сында Доха ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші франциялық Фабрис Мартенмен бірге ширек финалда отандасы Александр Бублик – мажарстандық Мартон Фучовичпен күш сынасты.
Бірінші партияда А.Бублик пен М.Фучович басымдылық танытты – 6:3.
Екіншісінде А.Голубев пен Ф.Мартен есе қайырды – 6:4. Сосын супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 10:7.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық-франциялық жұп 4 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыластары 1 эйс, 3 брейкке (9 брейк-пойнт) қол жеткізді.
А.Голубев пен Ф.Мартен жалпы жүлде қоры 1 млн теңгеден асатын жарыстың финалына шығу үшін турнирдің 3-ракеткалары, нидерландылық Уэс Колхоф – ұлыбританиялық Нил Скупскимен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің жекелей сында Доха турнирінің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).