НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Григорий Ломакин жұптық сында Черноморск қаласында (Украина) ITF M15 турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, осы жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген Г.Ломакин украиналық Владислав Манафовпен бірге финалда ресейлік Ян Бондаренко – украиналық Олег Приходькомен бас жүлдені сарапқа салды.
Қазақстандық-украиналық жұп үш сетке созылған тартысты матчта 7:6, 4:6, 10:8 есебімен жеңіске жетті.
Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев жекелей сында жартылай финалға дейін жетті. Дегенмен ол бұдан кейін Киевтегі челленджер жарысына шақырту алғандықтан, бұл додадан бас тартуына тура келді. Киевте Д.Евсеев іріктеу сайысын жеңіспен бастап, франциялық Хонатан Эйссериканы 6:0, 6:2 есебімен ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын US Open турнирінде Андрей Голубев пен Ярослава Шведованың сәтті өнер көрсетіп жатқанын жазған болатынбыз.
Тағы бір қазақстандық Зарина Дияс US Open жарысында жұптық сында ресейлік Варвара Грачевамен бірге екінші айналымда чехиялықтар Мария Боузкова – Луция Градецкаяға 5:7, 2:6 есебімен жол берді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).