АСТАНА. ҚазАқпарат - Индиан-Уэллсте (АҚШ) өтіп жатқан ірі халықаралық турнирде Қазақстанның үш теннисшісі кортқа шығып үлгерді.
Championat.com сайтының хабарлауынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцева бірінші кездесуінде қытайлық Пэн Шуайды 6:0, 6:1 есебімен күйрете жеңді. Ол екінші айналымда Франция елінің өкілі, турнирдің 27-інші ракеткасы Кристина Младеновичпен күш сынасады. Ярослава Шведованың чехиялық Кристина Плишковамен матчы әлдеқайда тартысты болды. Мұнда Ярослава 6:3, 6:7, 7:5 есебімен қарсыласын тізе бүктірді. Я.Шведованың келесі қарсыласы - осы турнирдің 11-інші ракеткасы, тағы бір чехиялық ойыншы Люси Шафаржова.
Екі жылғы үзілістен кейін спортқа қайта оралған Галина Воскобоева әлемнің 53-інші ракеткасы, ұлыбританиялық Хитер Уотсонға табанды қарсылық көрсеткенімен, одан өте алмады. Бұл кездесуде Х.Уотсон 7:6, 4:6, 6:1 есебімен жеңіске жетті.
Еске сала кетейік, Қазақстанның тағы бір теннисшісі Зарина Дияс алғашқы айналымда америкалық Джейми Лобпен шеберлік байқасады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).