НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласында әйелдер арасында алғаш рет 2 ITF W25 турнирі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, жалпы жүлде қоры – 50 мың АҚШ доллары.
Жарыстар Қарағандыда өткен жылдың күзінен жұмыс жасай бастаған жаңа теннис орталығында 18-24 және 25-31 қазан аралығында болады.
Жекелей сында Қазақстаннан Гөзал Айнитдинова, Жібек Құламбаева, Екатерина Дмитриченко бақ сынайды. Сонымен қатар бірнеше жас теннисші ұйымдастырушылардан арнайы шақырту алмақшы.
Додаға ресейліктер, әлемнің 133-інші және 195-ракеткалары Виталия Дьяченко мен Мария Мельникова, сондай-ақ Беларусь өкілі Юлия Готовко, нидерландылық Сюзан Ламенс қатысады.
Аталмыш теннис орталығы халықаралық талаптарға толық сәйкес келеді. Онда 11 корт (жетеуі жабық) орналасқан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Индиан-Уэллс турнирінің төртінші айналымына шыға алмағанын, Елена Рыбакинаның жұптық сында ширек финалға өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).