Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, қыздар арасында жекелей және жұптық сында қазақстандық спортшылар жеңіске жетті.
Финалда 14 жасар Іңкәр Дүйсебай ресейлік Мария Сысоеваны ұтты.
Бірінші партияда М.Сысоева басымдылық танытты – 6:4.
Есесіне екінші сетте Іңкәр қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ.
Шешуші, үшінші партияда есеп 4:4 болған мезетте І.Дүйсебай брейк жасап, сосын матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Осылайша Алматы қаласы теннис мектебінің түлегі биыл 18 жасқа дейінгілер арасында ITF сериясы бойынша екінші титулына қол жеткізді.
Жұптық сында Асылжан Арыстанбекова мен Әдемі Аманкелді соңғы бәсекеде ресейліктер Полина Скопинцева – Мария Сысоеваны 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Бозбалалар арасында Ерасыл Ерділда финалда ресейлік Дмитрий Бурцевке 2:6, 3:6 есебімен есе жіберді.
Жұптық сында финалдық бәсекеде қазақстандықтар бас жүлдені сарапқа салды. Онда Ілияс Маратұлы мен Илья Ведмедь Е.Ерділда мен Александр Черномазды 3:6, 6:3, 11:9 есебімен ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Бразилиядағы турнирдің жартылай финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.