ТЕННИС: Каролинаның қайта оралуы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Теннистен АҚШ-тың ашық чемпионатында даниялық (тегі поляк) Каролина Возняцкидің қарқыны қатты.

Спорттық өмірінде «Үлкен дулығаны» ұтпаса да, биыл 25-тің биігіне шығатын Каролина 2010 және 2011 жылдың қорытындысы бойынша үздік өнерімен көрініп, әлемнің бірінші ракеткасы атанған еді. Кейін бірақ ойыны қожырап, жеке өміріндегі өзгерістер де әсер етті ме, әйтеуір рейтингісі түсіп кетті. Биыл Стамбул турнирін ұтқан К.Возняцки АҚШ чемпионатына тастүйін дайындықпен келгендей. Соның дәлеліндей жарыс барысында Ресейдің басты үміті, әлемнің бесінші ракеткасы Мария Шарапованы жолдан тайдырды. Ал бүгін таңда италиялық Сара Эрраниді (6:0, 6:1) бұйым құрлы көрмеді. Енді ол жартылай финалда биылғы чемпионаттың тағы бір басты жаңалығы, қытай қызы Пэн Шуаймен күш сынасады. Оны жеңсе, финал күтіп тұр. 2009 жылы осы АҚШ біріншілігінің финалына шыққанмен, Каролина онда жеңіліп қалған еді. Қай теннисшінің де арманы - «үлкен дулығаның» біреуін ұту. Қалған жартылай финал иелері бүгін атағынан ат үркетін америкалық, әлемнің бірінші ракеткасы Серена Уильямс пен италиялық Флавия Пеннета, белорус Виктория Азаренко мен біздің Зарина Диясты ұтқан орыс қызы Екатерина Макаровалардың кездесулерінде анықталады.

З.Дияс демекші, АҚШ чемпионатының үшінші айналымына дейін жеткен жиырма жасар қазақ қызы, Vesti.kz сайтының хабарлауынша, алдағы аптада әлемдегі үздік қырық теннисшінің қатарына енеді. Айта кетейік, ол жұптық сында да қытайлық И Фан Сюймен бірге тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетіп, ширек финалға дейін барды.