НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кордова қаласында Билли Джин Кинг кубогының плей-офф кезеңінде «Қазақстан-Аргентина» матчында таразы басы қайта теңесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық Юлия Путинцева аргентиналық Мария Лурдес Карлемен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда тай-брейкте Юлия әбжілдік танытты - 7:6 (7:3).
Екінші партияны Юлия тамаша бастады - 3:0. Алайда сет ортасында жарақат алып қалды. Соның салдарынан екі рет матчқа допты дұрыстап бере алмады. Тай-брейкте аргентиналықтың бағы жанды - 7:6 (7:3).
Үшінші сет басталысымен Юлия жарақатына байланысты ойынды жалғастырудан бас тартты.
Осылайша матчта есеп теңесті - 2:2. Енді матч тағдыры жұптық кездесуде шешіледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Қазақстан - Аргентина матчын жеңіспен бастағанын, сосын есептің теңескенін, Е.Рыбакинаның командасын алға шығарғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).