Теннис: Қазақстан Дэвис кубогының жартылай финалына өте алмады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Вараждин қаласында Дэвис кубогы үшін әлемдік топтың ширек финалында Қазақстан мен Хорватия матчының кездесуі жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін хорваттар 2:1 есебімен алда тұрған еді. Ал қазақстандықтарға жеңіс ауадай қажет болатын. Сондықтан бар үмітті Қазақстанның бірінші, әлемнің 92-інші ракеткасы Михаил Кукушкинге артуға тура келді. Ол әлемнің үшінші ракеткасы Марин Чиличпен күш сынасты. Мықтының аты мықты, М.Чилич 2 сағат 2 минутқа созылған матчта 6:1, 6:1, 6:1 есебімен жеңіске жетті.

Сөйтіп матчтық кездесуде хорваттар 3:1 есебімен алға шығып, әлемдік топтың жартылай финалына жолдама алды. Енді Борна Чорич пен қазақстандық Дмитрий Попконың ойыны ештеңені шешпейді.

Еске сала кетейік, жұма күні М.Чилич Д.Попконы жеңсе, М.Кукушкин Б.Чоричті қапы қалдырып, таразы басын теңестірген еді. Кеше жұптық бәсекеде хорваттар Иван Додиг пен Никола Мектич қазақстандықтар Александр Недовесов пен Тимур Хабибуллинді тізе бүктіріп, командасын 2:1 есебімен алға шығарған болатын.

Дэвис кубогының жартылай финалында Хорватия құрамасы 14-16 қыркүйекте АҚШ командасымен сынға түседі.