НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан құрамасы 4-5 наурызда Ослода Дэвис кубогының Норвегиямен өтетін іріктеу матчына дайындықты бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандықтар Ослода жаттығуға кірісті.
Бұдан бұрын Норвегия астанасына Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов және Дмитрий Попко келсе, бүгін олардың қатарына Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик қосылады.
Қазақстандықтар Дэвис кубогы аясында норвегиялықтармен алғаш рет кездеседі.
«Жағдай мен үшін біршама қалыпты. Хард төсеніші екі командаға да қолайлы. Әзірлік қызу жүріп жатыр. Біздің құрама Норвегиямен ойынға нағыз бабында кіріседі деп ойлаймын», деді Михаил Кукушкин.
Матчта жеңіп шыққан команда қыркүйек айында өтетін Дэвис кубогының финалдық кезеңіне (командалық әлем чемпионатына) жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Франциядағы турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).