Теннис: Қазақстан құрамасының капитаны ауысты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Теннистен Қазақстан құрамасының капитаны ауысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратовтың шешімімен алдағы жылы Дэвис кубогында ел құрамасына Диас Досқараевтың орнына Юрий Щукин жетекшілік ететін болады.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, Болат Жамитұлы Қазақстан ерлер құрамасын жеті жыл бойы басқарған Диас Досқараевқа алғысын білдірді.

Сонымен қатар Д.Досқараевтың ұйымның вице-президенті ретінде көптеген әкімшілік мәселелерін шешуге тура келетіні айтылды.

Юрий Щукин – спорт шебері, Қазақстан теннис федерациясының аға бапкері. Қазақстан ерлер құрамасының Дэвис кубогы матчтарына өзі де қатысқан ол соңғы алты жыл бойы жаттықтырушылық жұмыспен айналысып келеді. Әсіресе, жұптық сында өнер көрсететін Андрей Голубев пен Александр Недовесовті баптауда.

Ю.Щукин алдағы жылы 6-7 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының іріктеу матчында Нидерландыны қабылдаған кезде капитандық тізгінді қолға алмақ.

Айта кетейік, қазақстандық теннисшілер Александр Бублик пен Михаил Кукушкиннің жаңартылған рейтингте бұрынғы орындары өзгерген жоқ. Сәйкесінше 56-ыншы және 67-сатыда келеді. Ал тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко 187-ден 186-ға көтерілді.

Әйелдер арасында Юлия Путинцева 34-орнында қалса, Елена Рыбакина бір сатыға (37-ге) төмендеді. Зарина Дияс бұрынғы 77-орнында келеді.

Қазіргі кезде жаңа маусымға дайындалып жатқан теннисшілер алдағы қаңтар айында-ақ турнирлерге қатыса бастайды.

Соңғы жаңалықтар