Бұдан бұрын Қазақстанның бірінші ракеткасы болған Ю.Путинцева осы апта басында жаңартылған дүниежүзілік рейтингте 81-інші сатыға сырғып кетсе, үндістандық теннисші 253-інші орында келеді. Мұндай айырмашылыққа қарамастан, матч тартысты өрбіді.
Бірінші таймда А.Райна 6:3 есебімен басым түсті. Екінші партияны Юлия 6:1 есебімен бет қаратпай ұтты.
Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші 3:1 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылықты сақтай алмады. Үш геймді қатарынан ұтқан корт иесі есепті 4:3-ке жеткізді. Бұдан соң да оның брейк жасайтындай мүмкіндігі болды. Дегенмен, Ю.Путинцева таразы басын теңестіре алды. Әйтсе де есеп 5:4 болып тұрған кезде үндістандық спортшы бірінші матчболын сәтті пайдалана білді. Осылайша, ол 6:4 есебіен жеңіске жетті. Тартысты ойын 2 сағат 26 минутқа созылды.
Сөйтіп Үндістан - Қазақстан матчында есеп теңесті: 1:1.
Еске сала кетейік, бүгін Үндістанмен алғашқы кездесуде Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-інші ракеткасы Зарина Дияс Карман Каур Тхандиді 6:3, 6:2 есебімен жеңген болатын.
Енді жұптық кездесуде Қазақстаннан Гөзал Айнитдинова мен Жібек Құламбаева, Үндістаннан Анкита Райна мен Пратхана Тхомбаре кортқа шығады. Осы бәсекеде ұтқан теннисшілер өз еліне жеңіс әпереді.