НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Нью-Делиде (Үндістан) мәреге жеткен Билли Джин Кинг кубогының (әлем чемпионаты) іріктеу сайысында бесінші орынға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, қазақстандық қыздар бесінші саты үшін бәсекеде Гонконг құрамасын 2:0 есебімен ұтты.
Қазақстан құрамасы сапында Айя Нұпбай, Асылжан Арыстанбекова және Карина Жұмажанова ойнады.
«Жалпы, қыздар жақсы өнер көрсетті. Ширек финалда жеребе жолдас болмай, Аустралияға тап келдік. Кейін аустралиялықтар осы іріктеу сайыстарының жеңімпазы атанды. Бұдан былай да шеберлігімізді ұштай түсетін боламыз. Барлық матчқа отбасыларымен келіп, қолдау көрсеткен Қазақстанның Үндістандағы елшілігі қызметкерлеріне алғысымды айтқым келеді», деді команда капитаны Ярослава Шведова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Монте-Карло мастерс турниріндегі қарсыласы анықталғанын, Заңғар Нұрланұлының Португалиядағы жарыстың финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина Чарльстон турнирінде жартылай финалға шыға алмады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).