ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Дэвис кубогы Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша іріктеу турнирінің топтық бәсекелері аяқталды.
Қазақстан құрамасы А тобындағы соңғы кездесуінде Қытай командасын 3:0 есебімен жеңді.
Алдымен Дамир Жалғасбай Лианг Лиангты 7:6 (7:0), 6:2 есебімен қапы қалдырды. Ал, Заңғар Нұрланұлы Конг Вейден 7:5, 6:3 есебімен басым түсті. Жұптық сында Даниэль Тазабеков пен Д.Жалғасбай жұбы Лианг – Жен дуэтін жеңді - 6:4, 6:3.
Осылайша, қазақстандықтар өз тобынан ширек финалға бірінші орынмен шықты. Алайда жеребе қорытындысына сәйкес Қазақстан құрамасына азулы қарсылас тап болды.
23 мамыр күні Сергей Квактың шәкірттері жасөспірімдер арасында Дэвис кубогының алты дүркін чемпионы Аустралиямен ойнайды. Өткен жылы да қос құрама кездесіп, онда қазақстандықтар 2:0 есебімен жеңіске жеткен еді.
Ширек финалына сондай-ақ мына құрамалар кездеседі: Корея – Гонконг, қытайлық Тайбэй – Үндістан, Жапония – Қытай.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының іріктеу жарысының ширек финалында ойнайтынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).