НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Палермо (Италия) турнирін ұйымдастырушылар қатысушылардың алдын ала тізімін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жүлде қоры 250 мың АҚШ долларынан асатын аталған дода 3-9 тамыз аралығында өтеді.
Қатысушылар арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина бар.
WTA жарысына сондай-ақ әлемнің 11-ракеткасы Арина Соболенко (Беларусь), Даяна Ястремская (Украина), Маркета Вондроушова (Чехия), Анастасия Севастова мен Елена Остапенко (екеуі де Латвия), Ализе Корне (Франция), Екатерина Александрова, Светлана Кузнецова, Вероника Кудерметова, Дарья Касаткина (бәрі де Ресей) және басқа теннисшілер қатысатынын мәлімдеді.
Бұл індетке байланысты биылғы наурызда тоқтатылғаннан кейінгі алғашқы ірі турнир болмақ. Содан кейін үш Мастерс, US Open және «Ролан Гаррос» жарыстарын өткізу жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Дэвис және Федерация кубогының финалы келесі жылға қалдырылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).