ТЕННИС: Қазақстандық Ю.Путинцева Нюрнберг турнирінің ширек финалына шықты
02:41, 21 Мамыр 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева Нюрнберг қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің ширек финалына шықты.
Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, дүниежүзілік рейтинте 105-інші орында тұрған Ю.Путинцева екінші айналымда голландиялық, әлемнің 90-ыншы ракеткасы Кики Бертенспен кездесті. Үш сағатқа созылған тартысты матчта қазақстандық теннисші 6:4, 5:7, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Ю.Путинцева тоғыз брейкті өз есебіне жазса, К.Бертенс сегіз рет осындай нәтижеге қол жеткізді. Бұған дейінгі үш кездесуде голландиялық теннисші жеңген екен. Еске сала кетейік, К.Бертенс бірінші айналымда тағы бір қазақстандық Ярослава Шведованың меселін қайырған болатын. Жартылай финал жолдамасы үшін Ю.Путинцева жүлде қоры 250 мың АҚШ долларын құрайтын осы турнирдің алтыншы ракеткасы, итальяндық Карин Кнаппен шеберлік байқасады.