ТЕННИС: Қазақстандық З.Дияс «Ролан Гаррос» турнирінің алғашқы айналымында Д.Пфиценмайермен кездеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 32-інші ракеткасы Зарина Дияс 24 мамырда Парижде басталатын «Ролан Гаррос» турнирінің алғашқы айналымында германиялық Дина Пфиценмайермен күш сынасады.

Чемпионат.ком сайтынан алынған мәліметке қарағанда, Д.Пфиценмайер - іріктеу сайыстарында үздік шыққан 12 теннисшінің бірі. Әрине, оның рейтингісі (германиялық теннисші 142-інші орында тұр) Заринамен салыстырғанда, әлдеқайда төмен болғанымен, мұндай ірі турнирде осал қарсыластың болмайтыны белгілі. Қазақстанның тағы бір теннисшісі Ярослава Шведова әлемнің 7-інші ракеткасы, кезінде дүниежүзілік рейтингтің көшбасында болған атақты сербиялық Ана Ивановичпен кездеседі. Сол секілді Юлия Путинцеваға да жеребе бойынша сербиялық теннисші Александра Крунич түсті.

Ерлер турнирінде Михаил Кукушкин Израиль елінің өкілі Дуди Селамен, іріктеу сайыстарынан негізгі турнирге өткен Андрей Голубев испандық Томми Робредомен кортқа шығады.

Айта кетейік, төрт «үлкен дулығаның» бірі, яғни әлем чемпионатымен тең саналатын «Ролан Гаррос» турнирі екі аптаға созылып, 7 маусымда мәреге жетеді. Өткен жылғы турнирде Зарина Дияс сол кезде рейтингте бесінші (қазір төртінші) сатыда тұрған чехиялық Петра Квитовадан жеңіліс тауып, екінші айналымға өте алмаған болатын.