НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Недовесов пен Андрей Голубев Хорватиядағы Задар челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, осы доданың 1-ракеткасы болып тіркелген А.Недовесов пен А.Голубев бастапқы кездесуін италиялықтар Марко Бортолотти – Алессандро Джаннесимен өткізді.
Қазақстандық жұп 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Олар 1 сағат 8 минутқа созылған бәсекеде екі мәрте брейк жасай білді.
А.Недовесов пен А.Голубев жартылай финалға шығу үшін босниялық Томислав Бркич – хорватиялық Нино Сердарушич немесе чехиялық Вит Коприва – испаниялық Николас Санчес жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Жүлде қоры 44820 еуроға бағаланған Задар додасы 27 наурызда мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Майами турниріндегі қарсыластары анықталғанын, А.Бублик пен М.Кукушкиннің кіммен ойнайтыны белгілі болғанын, сондай-ақ Зарина Диястың әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасын ұтқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).