Теннис: келесі аптада Алматыда «Almaty Futures» халықаралық ерлер турнирі басталады

АСТАНА. 30 шілде. ҚазАқпарат - 1 тамызда Алматыда жүлде қоры 15 мың АҚШ долларын құрайтын теннистен «Almaty Futures» халықаралық ерлер турнирі басталады, деп хабарлады ҚР Теннис федерациясының баспасөз қызметінен.

Халықаралық жарысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Үндістан, Жапония, Өзбекстан, Чехия және Украинаның теннисшілері қатысады.

Турнирдің негізгі сеткасында Қазақстан атынан Сержан Есенбеков пен Данил Браун шығады. Сонымен қатар турнирдің біліктілік санатында қазақстандық теннисшілер Дмитрий Макеев, Алексей Кедрюк, Айдынбек Рақышев, Қайрат Көшеров, Әділ Елтаев, Роман Хасанов және Ерлан Тұрыбаевтар өнер көрсетеді.

Елімізде мұндай турнирлерді өткізу Қазақстанда теннис спортының танымалдығын арттыруға, теннисшілеріміздің шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік беріп, халықаралық рейтингін жоғарылатуға жол ашады.