Айта кетейік, М.Кукушкин Мәскеудегі додада финалға бергісіз жартылай финалда әлемнің үздік теннисшілерінің бірі, хорват Марин Чиличке қана есе жіберді. Михаилдың озық өнерін осы турнирдің жеңімпазы атанған М.Чиличтің өзі де жоғары бағалады. Енді қазақстандық теннисші Базельде 20-26 қазан аралығында өтетін халықаралық турнирде бағын сынап көрмек. Мұның Кремль кубогына қарағанда, бәсі де биік, жүлде қоры да (1,458 млн. астам АҚШ доллары) қомақты. Оның үстіне бірінші айналымдағы қарсыласы да аса мықты. Ол - әлемнің төртінші ракеткасы, швейцариялық Станислас Вавринка. Өз елінде ойнайтын С.Вавринка барын салатыны анық. Осы турнирде әлемнің екінші және үшінші ракеткалары, испандық Рафаэль Надаль мен тағы бір швейцариялық Роджер Федерер де өнер көрсетеді. Сондай-ақ, тағы бір қазақстандық Андрей Голубев ресейлік Теймураз Габашвилимен күш сынасады. Қазақстандықтарға сәттілік тілейік.
01:07, 20 Қазан 2014
Теннис: Кремль кубогынан кейін М.Кукушкин Базельде өнер көрсетпек
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада теннистен Кремль кубогы үшін халықаралық жарыста шебер ойын өрнегін көрсеткен қазақстандық Михаил Кукушкин тағы бір ірі турнирге қатыспақ.