АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин әлемдік рейтингте 71-інші сатыдан 54-інші орынға көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
М.Кукушкин бұл көрсеткішке жексенбі күні мәреге жеткен Вена турнирінде табысты өнер көрсетуі нәтижесінде қол жеткізді.
Әйелдер арасындағы рейтингте Юлия Путинцева бұрынғыша 45-інші, Зарина Дияс 90-ыншы орында келеді.
Михаил Кукушкин осы аптада тағы бір ірі турнирге қатысады. Жүлде қоры 5 млн АҚШ долларына жуықтайтын Париж турнирінің алғашқы айналымында қазақстандық спортшы әлемнің 57-інші ракеткасы, франциялық Пьер-Юг Эрбермен кездеседі.
Еске сала кетейік, М.Кукушкиннің бұдан бұрын Вена турнирінің финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).