Теннис: Кукушкин Бейжің турнирінде ұтылып қалды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Бейжің ATP турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 60-орында тұрған М.Кукушкин алғашқы айналымда осы жарыстың алтыншы, әлемнің 12-ракеткасы, италиялық Фабио Фоньинимен шеберлік байқасты.

Спортшылардың екеуі де 1987 жылғы, бұған дейін Ф.Фоньини ATP жарыстарында тоғыз рет жеңімпаз атанса, М.Кукушкин 2010 жылы Санкт-Петерборда ғана чемпиондық тұғырға көтерілген еді.

Бірінші партия италиялық теннисшінің еншісінде кетті – 6:4.

Екінші сет барысында қарсыластар екі реттен брейк жасай білді. М.Кукушкин үшінші брейкпен партияны тәмамдады – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болғаннан кейін Ф.Фоньини брейкпен алға шықты. Кукушкин де берілмей, таразы басын теңестіре алды – 3:3. Сосын өз геймін алумен бірге тағы бір брейк жасады – 5:3. Әйтсе де матчқа доп берген ең ұрымтал сәтте қарсыласына есе жіберді. Ақыры мәселе тай-брейкте шешілді. Онда есеп 6:1 болғанда, Фоньини бес бірдей матчболын пайдалана алмады. Дегенмен алтыншысын мүлт жіберген жоқ – 7:6 (8:6).

Тартысты бәсеке екі сағат жарымға созылды.

Ф.Фоньини екінші айналымда әлемнің 35-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен ойнайды.

Жүлде қоры 3 666 275 АҚШ доллары болатын дода 6 қазан күні аяқталады.

Өткен жылы бұл жарыста грузиялық Николоз Басилашвили үздік шыққан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның әлемнің 1-ракеткасын ұта алмағанын жазған болатынбыз.