Теннис: Кукушкин Чехиядағы турнирді жеңіспен бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 83-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Чехияның Простеев қаласында өтіп жатқан Челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы кездесуінде дүниежүзілік рейтингте 226-ыншы орында тұрған франциялық Антуан Оанды 6:1, 6:3 есебімен оңай жеңді. Бәсеке 1 сағат 3 минутқа созылды.

Осы турнирдің 7-інші ракеткасы болып тіркелген М.Кукушкин ширек финалға шығу үшін рейтингте 101-інші сатыда тұрған сербиялық Ласло Дьере немесе аргентиналық Ренцо Оливоның (219-ракетка) біреуімен шеберлік байқасады.

Ұлыбританияның Сурбитон қаласында өтіп жатқан Челленджер турнирі тағы бір қазақстандық, әлемнің 139-ыншы ракеткасы Александр Бублик үшін сәтсіз болды. Ол 1 сағат 33 минутқа созылған тартысты матчта рейтингте 113-інші орында тұрған америкалық Денис Кудлаға 6:3, 6:7 (5:7), 1:6 есебімен есе жіберді.

Еске сала кетейік, қазақстандық Юлия Путинцева сейсенбі күні Парижде өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінің жартылай финалына шығу үшін әлемнің 13-інші ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизбен таласады.

Бұдан бұрын Ю.Путинцеваның өз спорттық жолында екінші рет «Ролан Гаррос» турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.