АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 87-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Чэнду турнирінің екінші айналымында америкалық Тэйлор Харри Фрицпен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық спортшы биыл 31 жасқа толатын болса, қарсыласы одан он жас кіші. Соған қарамастан, америкалық теннисші дүниежүзілік рейтингте 62-інші орында тұр.
Тартысты өткен бірінші партияда Т.Фриц 7:5 есебімен басым түсті. Екіншісінде М.Кукушкин пәлендей қарсылық көрсете алмай, 1:6 есебімен ұтылып қалды.
Кездесу 1 сағат 9 минутқа созылды.
Америкалық теннисші жартылай финалға шығу үшін грузиялық Николоз Басилашвили немесе отандасы Сэм Куэрридің қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асатын Чэнду турнирін сәтті бастағап, екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз. Бұл жарыстың өткен жылғы жеңімпазы - өзбекстандық Денис Истомин.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).