НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин Доха (Катар) ATP турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Рейтингте 66-орында тұрған М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 23-інші, осы жарыстың 2-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен кездесті.
Бірінші партияда ресейлік теннисші 6:4 есебімен басымдылық танытты. Екінші сетте де есесін жібермеді – 6:2.
Бәсеке 1 сағат 10 минутқа созылды.
А.Рублев Доха турнирінің (жүлде қоры 1,5 млн АҚШ долларына жуық) жартылай финалына шығу үшін сербиялық Ласло Дьере немесе франциялық Пьер-Юг Эрбердің біреуімен таласады.
Осылайша Дохада Қазақстаннан ешкім қалмады. Бұдан бұрын Александр Бублик те ширек финалға шыға алмаған болатын.
Еске сала кетейік, Елена Рыбакина мен Зарина Дияс Шэньчжэньде ширек финалға шықты. Ал Юлия Путинцева Брисбенде жеңіліп қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).