НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин Марбелья (Испания) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 102-орында тұрған М.Кукушкин алғашқы айналымда әлемнің 91-ракеткасы, италиялық Джанлука Магермен күш сынасты.
Бірінші партияда Д.Магер басымдылық көрсетті – 7:5.
Италиялық спортшы екінші сетте де 4:1 есебімен алға кетті. Ақыры ол матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.
Бәсеке 1 сағат 26 минутқа созылды.
Д.Магер екінші айналымда әлемнің 26-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудпен күш сынасады.
Жүлде қоры 255 мың АҚШ долларына бағаланған дода 11 сәуірде мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның Чарльстон турнирінде З.Дияспен өзара кездесетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).