Теннис: Кукушкин Истбурн турнирінің финалына шыға алмады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукукшин Истбурн турнирінің финалына шығу үшін германиялық Миша Зверевпен таласты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте М.Кукушкин 90-ынша орында тұрса, түбі ресейлік М.Зверев 67-нші сатыда келеді. Олардың екеуі де 1987 жылғы, биыл 31 жасқа толады.

Бірінші партияда есеп 1:1 болып тұрған мезетте неміс теннисшісі брейк жасап, алға шықты - 3:1. Есеп 5:3 болған кезде М.Зверев сетке доп бергенде, Кукушкин сәтті ойнап, брейк-пойнттардың бірін пайдалана білді. Содан кейін өз геймін құр жібермей, таразы басын теңестірді - 5:5. 5:6 болғанда, қазақстандық теннисші қарсыласының төрт сетболды пайдалануына мүмкіндік берген жоқ. Тай-брейкке дейін жеткен партия соңында Кукушкин бірнеше сетболын мүлт жіберіп, ақыры Зверев әбжілдік танытты - 11:9.

Екінші партияда М.Зверев брейк жасап, алға шыққанымен, М.Кукушкин есепті теңестірді - 2:2. Есеп 4:4 болғанда, неміс спортшысы брейк жасай алды. Содан кейін сетті жеңіспен аяқтай білді - 6:4.

Тартысты матч 2 сағатқа жуық уақытқа созылды.

М.Зверев финалда словакиялық, әлемнің 94-інші ракеткасы Лукаш Лацкомен чемпиондық атақ үшін сынға түседі.

Айта кетейік, М.Кукушкин өзінің спорттық жолында ATP жарыстары ішінен 2010 жылы Санкт-Петербор турнирінің ғана жеңімпазы атанған еді.

Бұдан бұрын М.Кукушкиннің Уимблдон турниріндегі қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.  Отандасымыз алғашқы айналымда әлемнің 93-інші ракеткасы, канадалық Вашек Поспишилмен шеберлік байқасады.

Ең бастысы, Уимблдон жарысында барынша табысты өнер көрсету керек. Әйтсе де М.Кукушкин екінші айналымға шықса, әлемнің бірінші ракеткасы, испаниялық Рафаэль Надальмен ойнауы мүмкін.