Теннис: Кукушкин Кицбюэль турнирін жеңіспен бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 87-інші ракеткасы Михаил Кукушкин Кицбюэль (Австрия) турнирінің алғашқы айналымында франциялық Корентен Мутемен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

К.Муте дүниежүзілік рейтингте 109-ыншы сатыда тұрғанымен, матч тартысты өрбіді.

Бірінші партияда франциялық спортшы 6:4 есебімен басым түссе, екіншісінде М.Кукушкин есе қайырды (6:3).

Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші брейк жасап, 4:3 есебімен алға шықты. К.Муте де қалыспай, таразы басын теңестірді. Дегенмен тағы бір брейк жасаған М.Кукушкин матчты жеңіспен аяқтады - 6:4.

Кездесу 2 сағат 17 минутқа созылды.

М.Кукушкин жүлде қоры 583 915 АҚШ долларына бағаланған Кицбюэль турнирінің екінші айналымында осы турнирдің алтыншы ракеткасы болып тіркелген Германия елінің өкілі Максимильян Мартерер немесе эстониялық Юрген Зоптың біреуімен шеберлік байқасады.

Бұл турнир 5 тамыз күні мәреге жетеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның бірінші ракеткасы Юлия Путинцеваның Вашингтон турнирінде қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз. Ол ертең неміс теннисшісі Татьяна Мариямен кортқа шығады.